КӨКШЕМЕ КЕЛЕМ
Көкшеме келем – көгілдір әлем көктемде,
Көлдері шалқып, көкорай тұнған бөктерге.
Жайлау боп кеткен жанымның боран-шашыны,
Көлбеңдеп жеткен көгілдір самал өпкенде.
Көкшеме келем – ақпанда нұр боп қарсы алған,
Мен үшін қыста құстары тынбай ән салған.
Кең пейіл далам келді деп ұлым жар салған,
Мерейім есіп, кеудемде туған қанша арман.
Көкшеме келем – ардақты жұртым осында,
Осында менің ақ жарқын ағам, досым да.
Аяулы болған ақ махаббатымның мекені,
Сабырым жетпей сағынып жүрем, сосын ба?!
Көкшеме келем – қыздырған еңбек көрігін,
Теңіздей толқып егінжай жапқан өңірін.
Шаттығым шығар – аспанға атқан бөрігім,
Көгершін болып самғаған көкке көңілім.
Көкшеме келем – қотарған қырдан алтын дән,
Ерлері өжет жеңіске дәйім талпынған.
Ұлдарың қанша Оқжетпес сынды нар тұлға,
Айналдым мұндай, айналдым жайсаң халқымнан.
Көкшеме келем – көруге тағы көксеген,
Жаныңның бәрін жаныма жақын дос көрем.
Ширығып ойым, шыңдалып намыс, жігерім,
Көңілім өсіп көсіліп қайтам Көкшеден.
Көкшеме келем – ұшырған биік тұғырым,
Құлының едім сімірген жүзіп тұнығың.
Көкшеме келем – қайнары болған жырымның,
Ырзамын соған арналса барлық ғұмырым.
Көкшеме келем – бесігім алтын тербеткен,
Көкшеме келем – арманға құлаш серметкен.
Осынша мені іңкәр ғып қойған өзіне, –
Табылмас сендей аяулы мекен жер-көктен!