18.03.2022
  138


Автор: Тортай Сәдуақас

САМОЛЕТТЕ

Кенелткен қызығына бала көктем,
Кең дала, жұпар аңқып, самал өпкен.
Бетке алып Алматыны сол жазықтан,
Көкшеден ұшып шықтық самолетпен.
Жас көңіл асық емес тыншығуға,
Болмайды жөн сұрассаң қымсынуға:
Сапарлас боп шығыппын бір мықтыға,
Көрші болып шығыппын бір сұлуға.
Еске алды ма үй-ішін, астанасын,
Ойға шомып мүлгиді қасқабасым.
– Жолыңыз болсын! – деуді желеу етіп,
Сөзімнің қызға бұрдым бастамасын.
Отағасы тынықсын, дамылдасын,
Көгілдірі Көкшенің жанымдасың.
Жаудырап бота көзі мөлдіреген,
Оқуға келеді екен қарындасым.
– Тербетіліп аспанның кемесінде,
Бақыт қыз, бақыт іздеп келесің бе?!
Үнсіз жерге үңілдің, толқып жатқан,
Жас қаны буырқанып денесінде.
 Айтарың тек жастық шақ, ауыл, сабақ,
Өмірден алмаған соң ауыр сабақ.
Жасы үлкеннің барлығын аға дейсің,
Кішінің бәрін өзің бауыр санап.
Серпіп ап бұрымыңды қатты өрілген,
Жайменен парақ алып дәптеріңнен;
Атымды жазып алдың, сәби сенім,
Не айтсам да иланған пәк көңілмен.
Япыр-ау, бұл бір ғажап түс емес пе,
Алып ұшқан самұрық құс емес пе?
Көңіл шіркін лүпілдеп одан сайын,
Әйтеуір өткен-кеткен түседі еске.
...Онда да дәл осындай көктем еді,
Көңілдің көктеп тұрған көк терегі.
Білмеймін, кім кінәлі, балалық па,
Көрместей боп ол маған өкпеледі.
Сонда ғой бала үмітім солып қалған,
Ұқсаттым сені соған көріп, қарғам.
Кешігіп бақытымды таптым мен де,
Кейіннен махаббатым жолықты алдан.
Қай құдай мені саған серік қылды,
Жел кірді, қиялыма, желік кірді.
Балапан махаббатым сияқтанған,
Сенбісің, жаным,– дегім келіп тұрды.
– Тамаша! – дедің кенет таңдай қағып:
Қараңызшы, ақ бұлттар, қандай мамық?!
Өзіңнің көңіліңдей пәк дүние, –
Заматта адам жанын арбайды алып.
Ақша бұлт, ақ сезімдер, аппақ әлем,
Армандай талмай іздеп тапқан әрең.
Осының бәрі, жаным, бір сенікі,
Арымды арзан ойға сатпаған ем.
Басталғалы тұр, міне, көктемің де,
Бақытты бол, көп әлі өткелің де.
 Байқадың ба, қылтиып қыр астынан,
Бәйшешегің өнуде бөктеріңде.
Бақтарың жаңа-жаңа бүр атқандай,
Көгіңнен құяр оған шуақ қандай!
Гүл бітсін қадамыңа, айналайын,
Жыр болып жүрегімде жүр, ақмаңдай!
* * *
Бақыт гүл алдымызда ырғала ма?!
Құшағын айқара ашқан жылдар ана.
Екеуміз еміренген егіз шумак,
Өмірді жалын атқан жырға бала.
Жаныма сенің әнің ұнады тек,
Білемін бақытымның бұлағы деп.
Шынайы махаббаттың шындығы сол, –
Өмірде ғашық болу бір-ақ рет!
Өзіңсің көңілімде дара тұрған,
Өзіңсің шаттығым боп жаратылған.
Сондықтан өзіңе арнап өрдім өлең,
Өзгеше өрнек іздеп бар ақыннан.
Осылай сырлас, гүлім, сыйлас, күнім,
Кеудемде күмбірлетіп күй тасқынын.
Сол күйлер сені мәңгі сүйгендігім,
Сол күйлер – қызғанышым, қимастығым.





Пікір жазу