18.03.2022
  247


Автор: Тортай Сәдуақас

ДОСТАРДЫ АҢСАУ

Өмірдің өр-белеңін бірге аттаған,
Бірге өскен, достар, бәрің қымбат маған.
Сендерсің көңілімнің ынтызары,
Сендерсіз таң атпаған, күн батпаған.
 Өздерің жас жанымнын жасыл бағы,
Өздерің ойымның да асыл дәні.
Самал жел сағынышым сендерді іздеп,
Арыны аңсарымның басылмады.
Біреуің білім қусаң, солдат – бірің,
Әр хатын аңсай күткен ардақтының.
Арманның аспанына қанат қағып,
Жүрсіңдер сан қияда самғап бүгін.
Ұшқан соң биік ұшу – баршаңа сын,
Тұр әлі алдымызда қаншама шың.
Ақтауға ел үмітін өрге самғап,
Талмасын қанаттарың, шаршамасын.
* * *
Арманшыл таңдар басталды, Алыстап күндер балдырған.
Аңсаған таулар асқарлы, Асқақтап шықты алдымнан.
Көңілдің көркі, шырайы, Өмірдің жазы шуақты;
Көбейді достар шынайы, Бір туған бауыр сияқты.
Жалынды жүрек, талаппен, Нәр алған білім – қайнардан.
Шыңдалып балғын қанатпен, Самғауға биік сайланған.
Күш берген осы қанатқа, – Мұрат пен ізгі тәтті арман.
Думаншыл әр күн, әр апта, Жадыңда мәңгі сақталған.
Сәулешпен бақта сырласқан, – Ақ сезім, сүттей аппақ ай.
Таусылмас қызық, жыр-дастан,
Студенттік қайран шақтар-ай!..





Пікір жазу