18.03.2022
  146


Автор: Тортай Сәдуақас

БАЛҚАНТАУ БАҒЛАНЫ

Ауылың Балқантаудың етегінде,
Жүрмісің ойнап-күліп мекеніңде?
Барады жүрдек поезд орағытып,
Көре алмай тағы сені кетемін бе?!
Тіл қатпай саған тағы кеткенім бе,
Бірге өскен жастық шақтың көктемінде.
Үйір боп сен жанымнан шықпаушы едің,
Ерке елік, Балқантаудың бөктерінде.
Япырмау, бұрын қалай байқамағам,
Сол жерге өзіңді іздеп қайта барам.
Жаутаңдап қарасаң да, жаныңды ұқпас,
Тұп-тұнық кезім еді ол шайқалмаған.
Балауса сезім еді ол шайқалмаған,
Сенбісің көз алдымда қайта арбаған?!
Лүпілін жүрегіңнің тыңдайыншы,
Сырыңды, айтқың келіп, айта алмаған.
«Көрінбей кеттің ұзақ көпке неге?»
Деп, жаным, жазғырмашы, өкпелеме!
Сырыңды сезінсем де, жүруші едім
Гүлімді үзбейін деп көктемеде.
Толықсып көк жүзінде толған айым,
Тыңдасаң сыр айтайын, толғанайын.
Жорта айтам, жолымды күт, жоралғым бар,
Жорып жүрер өсекке жорға ағайын.
 Ауылың Балқантаудың етегінде,
Жүрмісің ойнап туған мекеніңде;
Барады жүрдек поезд орағытып,
Көре алмай сені тағы кетемін бе?!.





Пікір жазу