НҰРКЕН ТУРАЛЫ ЖЫР
Өлім мен өмір арбасқан, Қиямет-қиын жылдарда;
Намысын сайлап алдаспан, Ұядан ұшпас ұл бар ма?!
Ерлігі бітпес дастандай, Толғантпай, сірә, тұра ма?
Майданға кірген жасқанбай, Бірі едің соның, Нұраға.
Құйғытқан жүйрік тұлпармен, Ұлы едің асау даланың.
Самғатып енді сұңқармен, Аспанның кездің алабын.
Өмірді бейбіт аңсаған, Өрен ең шымыр, сомдалған.
Айқасқа шықтың қаншама, Атылып аэродромдардан.
Өрекпіп ыза-кегің де, Аспанға шырқау ұшқанда;
Жүрдіңдер майдан шебінде, Қырғидай тиіп дұшпанға.
Көк түтін көкте шалқыған, Болып бір сондай соқтығыс;
Тап болды-ау, өртке шарпыған, Сұңқарың сенің көк құрыш.
Қиылып кетті қанатың, Астан да кестен мына әлем.
Қаумалай берді қара түн, Саспадың бірақ, қыран ең.
Қорқуды білмей сен тіпті, Үрейді тыйып тастадың.
Өжеттікпенен, өрлікпен, Жалындай түсті жас жаның.
Есіңе түсті ата-анаң, Елестеп кетті сүйіктің.
Бәрінен ұлы Отаның, Ойыңда тұрды биік тым.
Жібермес жауға ақыңды, Келдің де берік ұстамға;
Күшіңді жиып ақырғы, Шүйіліп бердің дұшпанға.
«Қош» дедің қимас еліңе, Жан-жағың жалын – толған от.
Жеттің де жаудың шебіне, Жарылып кеттің бомба боп...
Өтедің солай ақберен, Халқыңа берген антыңды.
Таратып жалпақ жатты әлем, – Көтеріп биік даңқыңды.
Қаһарман сезім көңілде, Кетсе де мойын бұрғызбай.
Сол бойы Отан көгінде, Жарқырап қалдың жұлдыздай.
Жарқылдап өткен сен деген, Жай оты едің аумаған.
Тұрсың ғой туған жерде де, Мәңгілік от боп лаулаған!