ЖАС ҚАНАТ
Азаматқа
Сен едің тұңғыш сонымнан ерген құлыншақ,
Былдырлап жүрген балдырған едің ұрыншақ;
Балапан едің бейкүнә, тәтті қылығың,
Естен де кетпес, естілсін дәйім үнің шат!
Көне ме тағдыр, назыңды айт, мейлі назалан,
Зердеңе оны жеткізіп қалай жаза алам?!
Есейген шақта ұғарсың соның барлығын,
Бауырға басқан менің де өзі аз ағам!
Болғаны қандай, қорғаны қандай бауырдың,
Өмірде мынау өтінде жүрсең дауылдың.
Ұмытпа, қалқам, үмітпен күткен үздігіп,
Ата жұрт деген тілектес ізгі қауымың.
Сен болсаң әлі – сезбеген мұны бүлдіршін,
Есейген шақта боласың қандай, кім білсін.
Қос арна сынды қосылып, бірге табысу, –
Әйтеуір, жаным, маған да, саған бұл бір сын.
* * *
Шешең жүр шаруасымен ырғатылып,
Жұмыспен әкең басын жүр қатырып.
Ойыңда ештеңе жоқ, ойын қуып,
Сен жүрсің келмей әлі «р»-ға тілің.
Әже емес, өмір кімді еркелетсін,
Басыңа түсер ме екен ертерек сын?!
Бойыңда болса талап, талмас жігер,
Еліңе сонда ғана сен керексің.
Бұлақ көрсең баратқан тұнып ағып,
Тас атпа тек тасада тұрып алып;
Жүргейсің өмірдегі басты нәрсе, –
Әділдік екендігін ұғып анық.
Ұлы болма, мейлі сен, қол бастама,
Бойың жеткен жеріңе – ойың жетпей,
Қойың жеткен жеріңе – тойың жетпей
Жүрсе, жаным, бәрінен сол масқара!
Адал бол жораға да, жолдасқа да,
Жалған сөйлер жандарды қорғаштама;
Жайшылықта көтеріп шашбауыңды,
Қиындықта ол саған болмас пана.
Бойыңа шуақ дарып бұла таңнан,
Балапан, нұрлы ұяда қуат алған:
Қанатыңнан демейін қатар ұшып,
Алдыңда асқар таудай мұрат, арман!..