18.03.2022
  162


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘНШІ ЖІГІТКЕ

Ей, жігітім, қайда шешен домбыраң?
Қайнарыңнан қайнап шықсын мөлдір ән.
Сонда саған қошеметпен қол соғып,
Көңіліме көп көгершін қондырам.
Кеудең сенің болсын дәйім қулы айдын,
(Көмейі де күйші емес пе қурайдың).
Домбыраңды құр айғайға қинама,
Тоғыз тармақ толғауыңды тыңдаймын.
Кең даланың құйқылжысын күй-әні,
Халқымыздың осында арман-қиялы.
 Ғасырлардың сырларын ол ұрпақтың
Зердесіне әсем саз ғып құяды.
Білем, білем намысыңның нарлығын,
Бір өзіңде жеті өнердің барлығын.
Сал Біржандай сал әніңе асқақтай,
Сері Ақандай селдет сезім жаңбырын.
Тасыт-тасыт, құйқылжыта төгілдір,
Көк өзендей күркіресін көңіл бір.
Шырқау ұшып шағаласы шабыттың,
Шалқи берсін шат-шадыман өмір бұл.





Пікір жазу