18.03.2022
146
ҚАСҚАЛДАҒЫМ
Көктем келді! Көгінде қаз ұрандар,
Қаңқылынан сағыныш сазын аңғар.
Жеттің бе, аңсап, ән сап, Қасқалдағым,
Өзіңе оңаша айтар базынам бар.
Қанатыңнан ескендей көктем лебі,
Сөйлеттің көңілдегі көп пернені.
Қалқам-ау, қайда жүрдің, сендей құсты,
Көл едім көксеп жатқан көптен бері.
Қона ғой, айналып ең арманыма,
Жаңа-жаңа толысқан арна мына;
Қарамай асықтың ба, қарасуға,
Әйтеуір қанаттарың талмады ма?!
Өттің бе аңшылардан аман-есен,
Пәк жаның құмар шығар далаға әсем.
Қуы – дүр, нуы – өндір, суы – мөлдір,
Көлімді Көкшедегі арала сен.
Адаспай қамысында басқа арнаның,
Бал айыңды базармен баста ардағым.
Паш етіп біздің көктем басталғанын,
Қаға түс қанатыңды, Қасқалдағым!