meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  18.03.2022
  226


Автор: Тортай Сәдуақас

БОРАН

Боран деген бұл да бір бала емес пе,
Сол баланың қылығын салады еске.
Мұңаю да, уайым да ойында жоқ,
Ойын қуған ертеден қара кешке.
Еркелеп ақ пейіл қыс – анаға асыл,
Уілдеп айтатындай далаға сыр.
Сырын білмес жылқының сыртынан кеп,
Жүгіріп жол үстінде салады асыр.
Із-түзсіз жылжиды алға, аттап қадам,
Қолында қалт-құлт еткен аппақ қалам;
Аяз ата үйреткен машығы бар, –
Мәз болып әйнек бетін шатпақтаған.
Жеңілтек, өзін-өзі жиі алдайды,
Көрші қызға қызығып, қиялдайды;
Есігіне еріп кеп есі кетіп,
Кете алмайды қипақтап, қия алмайды.
Гуілдеп тынбай айтар тақпақ-өлең,
Тауды көріп тағы бір тапты өнеге:
Бірте-бірте биіктеп сезбей өзі, –
Айналады айнала ақ төбеге.
Ол өскенше ата-ана – дала да әуре,
Уақыт өтіп осылай арада әудем;
Көктеменің лебі есер бусандырған,
Өте шығып көрген түс – бала дәурен.
Жаңа енді толқын еніп ой-санаға,
Өнеге боп жадында жайсаң аға;
Басталады ұлы өмір, арман қусаң,
Арқырап ағу керек сай-салада.
Терең болсаң теңейді теңізге елің,
Шалшық боп жолда қалсаң өзіңде мін.
Көктемедей көңілім аласапыран, –
Осындай ма жас дәурен кезім менің?!





Пікір жазу