ӨЗІҢДЕ АЛҒАШ
Кербез Көкшем, келбетіңе теңбе-тең,
Келетұғын керім өңір кемде-кем;
Болса да, – деп, – жиһан жалпақ, кең мекен,
Асыл айтқан, Қасым айтқан, мен бе екен?!
Көгілдір көл, көкпеңбек тау, көк шынар,
Көсегеңді көгертер жан көп шығар.
Мен де сенің перзентіңмін шын сүйген,
Желден жігер, найзағайдан от сұрар.
Өзіңде алғаш қара жерге қаз басқам,
Өзіңде алғаш қаңқылдаған қазды аспан;
Өзіңде алғаш бесігімді күй тербеп,
Әже әні мен әлдилеген саз, дастан.
Құрық алып қуыппын да қашаған,
Өзіңде алғаш тентектік те жасағам.
Өзіңде алғаш, шөгір еніп табанға,
Ақсақалдың қолынан ет асағам.
Қызбенен де қырында алғаш таныстым,
Жаны жарқын достарыммен табыстым.
Сондықтан да сені жырлау парызым,
Қанат қағып кетсем-дағы алыс тым.
Байғазың боп мұншама жыр, мұншама ән,
Арналыпты, ару Көкшем бір саған.
Өлең қылып өтейін мен өзіңді,
Көкпеңбек боп, көктем боп тек тұршы әман.