ОҚЖЕТПЕС ӨРІНДЕ
Туған жердің самал желі тербеген,
Жас кеудені арман, шаттық кернеген;
Сол бір сәттер есіңде ме, досым-ау,
Оқжетпестің биігіне өрлеген?...
Көз тіктік-ау Көкшеге біз нұр тұнған,
Қайран Көкше, қалыңдықтай құлпырған.
Достық жайлы өнеге айтып тұрғандай,
Екеумізге ертеңге енді ұмтылған.
Мөлдірімнен бір ғибрат көр деген,
Айнакөлдей айдын жатты көлбеген:
Достар солай ақ көңілмен аңқылдап,
Бір-бірінен сыр жасырып көрмеген.
Аспан ару алтын кірпік, күміс тән,
Елжірейді Бурабайға гүлстан:
Достар солай бір-біріне іңкәр боп,
Бір-бірімен дайым іштей ұғысқан.
Қайсарлықты Жұмбақтас тұр ұқтырып,
Қанша сынды қарсы алған-ау тік тұрып;
Достықта да болу керек тап сондай,
Мың жылда да мыңқ етпейтін мықтылық.
Қиып өсіп қия шыңды нән, алып,
Қарағайлар тасқа шыққан таралып;
Берік біткен достықтың да тамыры,
Тұрар солай тым тереңнен нәр алып.
Оқжетпесің жеке-жеке жартас та,
Азаматтан айнымайтын марқасқа.
Мерейі үстем, мәртебесі биік боп,
Достар солай иықтасып қалмас па!..