18.03.2022
  147


Автор: Тортай Сәдуақас

ОҚЖЕТПЕС БЕЙНЕСІ

Құлпырған бояуымен көктеменің,
Бұлқынған «Айнакөлдей» өр кемерің;
Сияқты сұлулықтың баламасы,
Оқжетпес, сен не деген көркем едің?!
Үлбірер ақша бұлттар айдарындай,
Керім тау, кербез қойнау қайда мұндай?
Оқжетпес тастан құйған пирамидам,
Қасқиған қазағымның айбарындай!
Өзіңді аңсап келген жат-танысым,
Қуанып қызығыңа батқаны шын.
Аңыздай тарап кеткен ел аузында,
Оқжетпес, сенсің менің мақтанышым!
Қырандар қиясынан көп түлеген,
Оқжетпес – кіші Парнас деп білем мен.
Ол – Даңқ, олқысынба, ал даңқтың,
Шыңына көзің жетпес көк тіреген!..





Пікір жазу