18.03.2022
  113


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖИҺАЗДЫ ӨҢІР

Көкшетауым, Көкше деген ат қандай!
Көрген адам қалмас, сірә, шаттанбай;
Сексен көлі сексен ауыл секілді,
Тарқамас той төрінде өтіп жатқандай.
Қандай ғажап нұрға бөккен ертеңі,
Бозторғайлар бабам күйін шертеді.
Жұпар ескен желі неткен ерке еді,
Гүлзар бақта жүргендей жан елтеді.
Біржан көмей бұлбұлдары сайрап бір,
Жиһазды өңір жас отаудай жайнап тұр:
Масаты – қыр, әбдіре – тас, гүл – өрмек,
Таңданбас кім табиғатқа әйбат бұл.
Шоқан текті oйғa шомған шоқылар,
Тұлғасынан терең сырлар оқылар.
 Қарағайлар өрендері өңкей өр,
Жанарында жарқылдаған оты бар.
Әз табиғат қалай шебер зерлеген,
Сені көрсем сезім көлі селдеген:
Сұлулықтың конкурсы өтсе егер,
Ой-хой, Көкшем, лауреаты сен дер ем!





Пікір жазу