18.03.2022
132
АУЫЛ ҚОТАНЫНДА
Ырыс елі, бұл ауыл, тоқтық елі,
Тыныштық қой – мұндағы көп тілегі.
Туыссырап бір үйге келсең де сен,
Күллі ауыл мейманымыз деп біледі.
Суытпаған сыйластық сенімдерін,
Нұр шашады жарқырап көңілде күн.
Қауым болып қыздарын ұзатып сап,
Ауыл болып түсірген келіндерін.
Шаттық енсе бір үйге жұрты жайлы,
Тай қазандар ошақта бұрқырайды.
Қайғысына бір жанның қапаланып,
Сексен үйдің сүйегі сырқырайды.
Бәріне ортақ сауығы, сайрандары,
Шүкірлік деп, дастарқан жайған бәрі:
Тілек қосып әжелер, бата берер,
Абзал қарттар, ауылдың пайғамбары.