18.03.2022
  186


Автор: Нұрлан Оразалин

Оралхан Бөкейге

Әлдеқайдан...
Талып түнде мұңды арман,
жарым түнде жаңғырды үнi шыңдардан.
Кiмнiң үнi?
Қандай дауыс?
Бiлмеймiн...
Ұлып-ұлып, iшiмде бiр тынды арлан.
Қозғайтындай мұңсызды да, мұңдыны,
ерiңдi де,
езiңдi де,
жындыны.
қара түннiң қақ айырып езуiн,
тауға қарап ұлып-ұлып тынды үнi.
Басып әнтек көңiлдегi жараны,
жасыл жұлдыз дiр-дiр етiп қарады;
бейбақ дауыс безiлдетiп аспанды,
ұлып-ұлып ай астымен тарады.
Ай астымен ала құйын қашты әнiм,
араласты ойдағым мен бастағым.
Алатау мен Алтай, Орал жаңғырды.
Ортайды арман…
Мен де ортая бастадым.
 
Орта қайғы...
Орта шаттық...
Орта мұң...
Менi ортайтты қу мiнезi ортаның.
Өстiп жүрiп адал жүрек бiр күнi,
арлан болып кете ме деп қорқамын?!
ақпан, 1977 жыл.





Пікір жазу