18.03.2022
  123


Автор: Нұрлан Оразалин

БЕЙБАҚ ДАУЫС БЕЗIЛДЕТТI АСПАНДЫ...

(«Қайралу. Ширығу» дәптерiнен)
***
Көрiктi едi...
қандай сұлу тымық түн.
Ай жылжыды қайық етiп бұлтты.
Аймен қоса бiз де жүздiк көкпенен,
қанат қылып арман менен үмiттi.
Мейлi!..
Мейлi!..
Көлденең көз тергесiн,
адал сезiм, ақ бесiк боп кел, кешiм.
Құшағыма тығыл менiң...
Жүзiңдi
адам түгiл, аспандағы ай көрмесiн.
Алматының сая бағын...
Төр...
Кешiн...
Ғайып мiнез ғашық жүрек тербесiн.
Сенiң ыстық сезiмiңнен түн балқып,
алпыс екi тамырымды кернесiн.
Арман менi алып ұшсын асқарға,
Жырым менiң тiл бiтiрсiн тастарға.
 
Махаббатқа тапсырайық тiзгiндi,
Жүрек барда...
Жалын барда...
Жас барда...
Жыр да, сыр да – сенiң бiр тал күлкiңде,
сыйла, күнiм, сұлу сезiм бiр түнге.
құшағыңда өртенейiн, жанайын...
Беу, тамырым!
Бүлкiлдешi, бүлкiлде...
ақпан, 1977 жыл.





Пікір жазу