18.03.2022
  146


Автор: Нұрлан Оразалин

Әшiрбек Сығайға

Қоншы менiң кеудеме...
Жыршы құс, кел!
Жаралады жанымды iркiлiстер.
«Азап» атты аралда жалғыз қалдым,
Жыр – жанартау, ояншы!
Сiлкiнiс бер!
Шендестiрем деп жүрiп ғалам күшiн,
түсiнбеуге айналды заманды iшiм.
Өмiр – сахна...
Шаршадым «ойнаудан» мен,
Намыс...
Жiгер...
Бармысың?
Аманбысың?
Театрдың төрiнде – кiл «мықтылар».
Мизансцена:
Бас иiп, «шұлғып» тұрар.
Абай ата дәуiрi оралғандай –
өрге басып өтiрiк, шындық құлар.
Шындық құлар кез келдi...
Ғасыр – аңыз...
Айтқандарды «аластап», қашырамыз.
 
Қайдасың сен?
Қайдасың, Жасын-Өлең,
айтпай бәрiн қашанғы жасырамыз?!
Арым...
Жаным аңсады...
Жыршы-құс, кел!
Аспанымды тарылтты iркiлiстер.
Мансапты мен шендiнi шектейтiндей,
тым құрыса бiр сөз бер!..
Сiлкiнiс бер!..
Адам жанын жаңғыртар сiлкiнiстер...
сәуiр, 1976 жыл.





Пікір жазу