МҰҚАҒАЛИДЫ САҒЫНУ
Көктем де келер
көгерiп дала демiккен...
Шатынап аспан...
Шарқ ұрып көңiл желiккен.
қырмызы көмiп қырқаны,
көз жауын алып көрiкпен,
көктем де келер демiккен.
Тырналар қалқып,
жылғалар балқып,
қанатын жайып құс аппақ,
бұла сезiммен
буыршын тауды құшақтап;
қаз-үйрек көлдi шулатып,
қанаты көктi пышақтап,
көктем де келер
құс аппақ...
Табиғат тойын базарлап,
қара ағаш...
емен...
құрысқан бойын жазар бақ.
Ақыны сүйген
бозала таңда,
боз Алатауға тiл бiтiп,
бауырын аңсар
Нұрғиса көкем саз арнап,
құрысқан бойын жазар бақ.
Шыршаның ұшы бозданып,
көңiлдiң төрi қозданып,
перзентiн iздер
көк пенен жердiң арасы,
Жұмақ бағындай қозғалып,
жәудiреп аспан,
көз...
халық...
Көктем де келер демiккен,
тамырды, бойды ерiткен,
сағыныш болып
сөйлеп бiр ұлы махаббат
қараған...
жусан...
алма ағаш...
Шие...
өрiктен...
Iле мен Есiл,
Ертiс пен Жайық толғанып,
Алатау...
Алтай...
Оянар қысқы жерiктен.
Сөйлетiп жасыл бау iшiн,
сiлкiлеп түнгi тау ұшын.
Биыл да...
Ертең...
Ертең де...
Сағынған қырға
жетедi Сенiң дауысың.
Көктеммен бiрге
арнасын сулар тепкенде,
армансыз жаңбыр төккенде,
қайыра қаздар жеткенде,
қуаныш, мұңға шомылып,
жер басып жүрген көп пенде,
ойлардан азап шеккенде...
Сенемiн, аға, келесiң,
келесiң ылғи көктемде...
сәуiр, 1976 жыл.