Екi елi де кетпейдi....
Екi елi де кетпейдi, көлеңдейдi,
елеңдесем, қосылып, елеңдейдi:
«Ессiз өмiр кештiң бе? Бiрге кешем.
Өлсең, бiрге өзiңмен өлем...» дейдi.
Қандай сезiм?
Көзiме көрiндi не?
Кездi менiң ойымды, өрiмдi не?
Жүрегiмдi жаншыды қандай азап?
Көк төсiмен сәуле боп өрiлдi не?!
Тазалықты кiм бұлай безбендептi?
Адалдығым адасып, көзден кеттi...
Бозбала күн үнi ме талып жеткен
жар жағалап, жабырқап кезген көктi?
Жүрегiмдi суырып бiр үн қашқан,
көкке кетiп бара ма бұрылмастан?
Әлде сезiм ғасыры көзден ұшып,
алып-қашып бара ма жырымды аспан?
Көзi қандай мұнарлы...
Өкпелi ме?
Айта қойшы, Фаукентай, көктегi не?
Менiң ақын кеудем бе шынымен-ақ,
зәру болған сезiм мен оттегiге?!
Екi елi де кетпейдi, көлеңдейдi,
көгiм де, әне, қосылып, елеңдейдi.
Тағдырымның үнi ме?
Кiм бiледi?
қанат қылып мәңгi ұшар өлеңдi, ойды?!
Елеңдейдi жүрегiм, елеңдейдi...
мамыр, 1976 жыл.