18.03.2022
  145


Автор: Нұрлан Оразалин

Сезiмiм, дiр еттiң бе?!

Сезiмiм, дiр еттiң бе?!
Жаныма жыр ектiң бе?!
Аспан да,
Ай да тыныш ұйықтамайды,
тынымсыз болып алды Жүрек түнде…
Көңiлiм, дiр еттiң бе?!
Көгiме нұр ектiң бе?!
Дала да,
Көл де тыныш
қалғымайды,
мазасыз бой алдырдым бiр екпiнге.
Айдыным мұң кешуде,
Арманым тiлдесуде.
Ақ дауыл
күндер менi жұлып-жұлқып,
жағаласып жалғанмен үндесуде.
Әлемдi ән басуда,
бозарып таң қашуда.
Жұлын-жүйкем үзiлiп жатқандайын,
Дүние дүрбелеңi жалғасуда…
Тигендей күрек тiнге,
Төзiмiм, «дiр» еттiң бе?!
Ғарыш та…
Ғалам ұлы шоқ басқандай,
Жалынға орануда жүрек күнде…
қаңтар, 1976 жыл.





Пікір жазу