18.03.2022
161
ТАУЛАРЫМ ТҮНГI БҰЛҚЫНАР…
(«Ой толғау. Мұң кешу» дәптерiнен)
***
Өзiммен өзiм оңаша
күн кешкен кезде,
өзiммен-өзiм оңаша
тiлдескен кезде,
қуанған кезде,
күлгенде,
мұң кешкен кезде –
ақпан-ойларым
арбасып көктем-ойларым,
көзiмде менiң
бұлаңдар көк тоғайларым;
өткен айларым,
кеткен айларым,
көк тоғайларым –
көңiлдiң керiм тұсындай,
сәуiрде келген
көктемнiң жасыл құсындай.
Кеудемдi жарып,
шырқырап көкке бойлар үн:
Өшкен ойларым,
көшкен ойларым,
кешкен ойларым –
тауларым түнгi бұлқынар,
қанатын жайып,
бауларым мұңды жұлқынар.
Даланың үстiн ән басып,
жаңғырықтарым жалғасып,
Дүние күллi құлпырар,
Аспанның төсi жыртылар,
Арғымақ-ойлар андыздап,
көзiнде көктiң Жыр тұнар…
Жыр тұнар…
Өзiммен-өзiм оңаша
күн кешкен кезде,
өзiммен-өзiм оңаша
тiлдескен кезде…
қаңтар, 1976 жыл.