18.03.2022
  116


Автор: Нұрлан Оразалин

ӨЗ ДЕМІМ

Көк пен жерді кезген үн:
Өз ғасырым...
Өз демім...
Ертелі-кеш жыр болып,
келеріңді сезгемін!
Кебін киіп кезбенің,
қара түнді кезгемін;
бойды буып арман-ән,
құз-қияны шарлағам.
Кеудедегі солқылымды,
Өлеңімді,
сол түнімді,
қиялымды,
күй, әнімді,
періштеме арнағам...
Кеудем жырға толғандай бір,
қонғандай бір
шын бақыт,
жолаушыдай түн қатып,
тауды,
тасты тыңдатып,
көк аспанды кезген үн –
Өз Өлеңім!
Өз Демім!
Көктен алыс тіл қатып,
кебін киіп кезбенің
келеріңді сезгемін,
 
Шабыт дейтін
шын бақыт!
Тағдыр...
Тағдыр...
Бұлаңытып көк түнде,
адастырып кеттің бе?!
Сұрақ...
Сауал...
Тұншықтырып өткендей,
ерте оянған көктемдей...
Жоғалтқандай дәуірімді,
сілкіледім сәуірімді,
күйге түстім
қара нөсер төккендей...
Қара бұлт...
Қара түн...
Қара аспаннан жеткендей...
Көк пен жерді кезген үн!
Кебін киіп кезбенің
ғарыш көкті кезгенім...
Бекер ме еді сезгенім?
Бекер ме еді безгенім?
Бекер ме еді төзгенім?
Мен бақытын
сұрамаймын өзгенің,
Жаратушым!
Әділ болсын безбенің...
Ей, жалаңтөс-кезбе мұң,
Көк пен жерді
кезген үн!
 
Тағдырменен тайталастым,
Жүрегімді
айқара аштым,
Демеушім боп,
Жебеушім боп оралшы!
Өз ғасырым...
Өз өлеңім...
Өз демім...
20 сәуір, 1978 жыл.





Пікір жазу