Жоғалған күндер....
Жоғалған күндер менi мазалады,
тоналған түндер менi жазалады…
Мазасыз сұрақтарым,
бұлқынған бұлақтарым,
жұлқынған құрақ-талым,
биiгiм,
еңiстерiм…
Белдерiм,
тегiстерiм,
ғарышым – жырақтарым,
тауларым,
қыраттарым…
Қара жол…
Құр аттарым – шықты алдымнан
қайшылап құлақтарын.
Кiсiнеп құлын-дауыс тiлiп өттi,
жұлын-дауыс
кеудемдi бүрiп өттi.
Жастықтың жыры кеттi,
құр асаудың құлдырап, үнi кеттi.
Мелшиiп жатыр Дала,
жатыр Тау,
жатыр Қала…
Уа, бармысыңдар?..
Тiл қатар емес тiптi қарлы шыңдар.
Аспаның да,
Тiл қатар емес тiптi тастарың да…
Күндерiмдi,
түндерiмдi
қайыра көрiңдершi қас-қағымға?!.
Өкпесiз өттi ме екен, бiлейiн бiр,
бүкпесiз кеттi ме екен, бiлейiн бiр.
Алаңсыз мына өмiрде не де болса,
өзiмдi-өзiм
алдамай жылайын бiр,
өзiмдi-өзiм
алдамай күлейiн бiр?!.
Айтыңдаршы!
Анығын бiлейiн бiр…
24 маусым, 1979 жыл.