18.03.2022
  367


Автор: Нұрлан Оразалин

Бозамық таң…

Бозамық таң… Жүрегiмдi жыр қарып…
Тал-қайыңдар, алма-ағаштар ырғалып,
қыдырып жүр көктем менiң көшемде,
көктем менiң тереземдi тұр қағып.
Қызыл-жасыл жарнамалар секiлдi,
ой келедi, ой қашады не түрлi.
Бұлдыр-бұлдыр… Бұлаңытып көк аспан,
бесiн ауды, ауды сұлу-екiндi.
Намаздыгер… Нарттай қызыл кешқұрым,
көкжиекпен жалқынданып, көштi күн.
Көз байланды… Қиылып кеп Ай туды,
Алатаудың сүтпен бояп төстiгiн.
Жұлдыз жауды… Бiр ғажап ән естiдiм,
жұлқынғаны шабысындай бестiнiң.
«Ләйлiм, шырақ, Ләйлiм, шырақ»…
Безектеп,
гитаралы жiгiттердiң өштi үнi…
Бозбала әнi…
Боздап-боздап тарады,
боз тiрлiктiң боз аспанда – жанары.
Тал-қайыңның жапырағын шулатып,
тереземнен көктем өтiп барады…
Айтыңдаршы,
Қайда кетiп барады?!.
30 маусым, 1979 жыл.





Пікір жазу