18.03.2022
452
Жаңбыр жауды....
Жаңбыр жауды.
Басылды.
Қара, күнiм…
Санадағы серпiлдi,
тарады мұң;
тереземнiң тұсынан сақ-сақ күлiп,
шауып өте шыққандай бала күнiм…
Биледi Сезiм менi,
ұмыт болған бейкүнә кезiмдегi,
ұмыт болған қайыңның
сыбдырындай
талып-талып бiр әуен безiлдедi.
Күмбiрледi,
құйылды,
төгiлдi нұр,
саз кеуледi тамырды,
егiлдi бiр…
Сора-сора қайыңның самайынан
сорғалады моншақтап,
төгiлдi жыр.
Төгiлдi күй,
төгiлдi ән,
төгiлдi үн де,
кеңейiп кеткендей-ақ көгiм мүлде;
қара жолдар қалқыды,
шашақ жайып шалқыды егiн күнге.
Биледi сезiм менi көктемдегi,
естiмеген, көрмеген көптен берi
бұл не қылған ғажап түн?!.
Ғажап жауын?!.
Елiктiрiп,
елiтiп, мазақтауын…
Қарашы!..
Қара, Күнiм,
тереземнiң тұсынан шауып өткен
есiк қағып тұр ма екен бала күнiм?!.
Қарашы!..
Қара, күнiм…
28 маусым, 1979 жыл.