18.03.2022
  258


Автор: Нұрлан Оразалин

МАЗАСЫЗДЫҚ

 «Апыр-ай!
Ұлылар қайтiп күн кешкен,
сырласқан, күлген, тiлдескен?
Қуанған…
Жанған…
Мұң кешкен?!».
Шықпайтын болды соңғы кез,
осы бiр сұрақ күнде естен.
Таңда да сұлу, ақшамда
сананы қауып, қақшаңдап,
осы бiр сұрақ санада –
жүрсем де,
тұрсам,
жатсам да.
Мұнартып таулар шоқтығы,
құрдымға кеттi көп күнiм,
түндерiм қанша мазасыз
жұлқыйды – жанда жоқ тыным.
Жүректе – жалын… «Ах» ұрып,
аспан мен жердi шақырып,
тас-талқан болам сондайда,
азапқа жанды батырып.
 
«Ұлылар қалай күлген деп,
ұлылар қалай жүрген деп,
Махамбет…
Мұхтар…
Абайлар…
Өмiрдi қалай сүрген деп?!»
Шыға алмай шырқап сөремнен,
көре алмай қызық өлеңнен,
сананы санға бөлшектеп,
сарсаңға түсiп келем мен…
6 желтоқсан, 1979 жыл.





Пікір жазу