18.03.2022
  423


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖАСТЫҚ ОДАСЫ

(толғау)
Мен – Жастықпын!
Жаным iңкәр
жасампаз замандарға,
Ғасырларға…
Жылдарға…
Адамдарға…
Ерлiк,
Еңбек –
қашаннан салтым менiң,
Жүрек бар да,
Жiгер...
Отым...
Сенiмiм,
Санам бар да…
Алаңдарда
шаттығы тарқамаған,
Ғалам бар да
Ғарышы шалқалаған –
Мен бармын!
Жиырмасыншы ғасырдың
жас қайраты
Планетаның
бүгiнiн арқалаған…
 
Өйткенi…
Жалында туып,
отта өскем,
окопта жатып,
оқ кешкем…
Астымда – боз ат,
қолымда – семсер,
Мен уақытпенен
Ғани мен Саттар,
Корчагин болып
беттескем!..
Көктемде…
Жазда…
Қара күз…
Қаңтар қарында…
Жұмыскер бiлек,
диханның штурвалында,
теңiзде,
көкте,
орманда –
жаңа күндердiң
жалындап жанар ұшқындарында,
Байқоңыр,
КАМАЗ,
БАМ-ның төрiнде,
жұлдызды жолдар,
екпiндi құрлыс өрiнде.
Комсомол атын
ұран қып шығар
жастықтың
жаңа биiктерiнде –
Мен бармын!
 
Өйткенi…
Жалында туып,
отта өскем,
окопта жатып,
оқ кешкем…
Үстiмде – шинель,
Қолымда – мылтық,
Мен уақытпенен
Әлия, Мәншүк,
Матросов болып
беттескем!..
Асуда…
Жолда…
Белдерде…
Канал тартылған шөлдерде,
гүлстандарда,
тыңдарда,
Мұзды мұхиттарда,
сеңдерде…
Мен бармын!
Аязда бармын!
Мамырда бармын!..
Шiлдеде…
Күндiз де бармын,
түнде де,
әнде де бармын,
сөзде де бармын –
мiнбеде!..
Братскiде,
Нуректе,
Миллиондаған жүректе,
миллиондаған тiлекте;
Уақытпенен жарысқан,
қара жолдарда шаң ұшқан,
 
қазақстандық элеваторларда –
бар менiң
асқақ Есiмiм,
Мойынқұмдарда
ақтылы қоймен алысқан…
Өйткенi…
Жалында туып, отта өскем,
Жүректе – Отан,
Көңiлде – от-ән,
Мен уақытпенен
Төлеген, Баубек,
Бауыржан болып
беттескем!..
Көшеде…
Бақта…
Қалада…
Шыңдарда биiк,
Шабытты шалқар Далада,
мәңгi алауларда,
қызыл жалауларда,
санада –
бар менiң
асқақ
Есiмiм мен Ерлiгiм –
ер жүрек Вьетнам…
Чилиде – Виктор Харада…
Аргентинада,
Кубада…
Африкадағы «там-там» мен
Никарагуадағы жарада…
Езiлгендерде,
Егiлгендерде,
 
Жегiлгендерде,
«Бостандық!..
Теңдiк үшiн!» – деп,
Шейiттiк қаны төгiлгендерде –
Мен бармын!..
Мен бармын –
әр елдемiн,
Мен бармын –
әлемдемiн…
Жалынмын мен!
Жастықпын мен!
Мынау алып Жер бетiнiң көктемi де –
Менмiн!
Мынау алып Жер бетiнiң өткенi де –
Менмiн!..
Менмiн!..
Өйткенi…
Топырақ емiп, көкте өскен,
шомылып суда, шөп кешкен,
құйқасын талай от кескен,
өлмеген, бiрақ, өшпеген,
сөнбеген-дағы көшпеген,
Алтын бесiк – Жер сәлемiн
Ғарышқа алып шығып,
Мен уақытпенен
Байқоңыр…
Дала…
Гагарин болып беттескем.
Мен – Жастықпын…
Жерде өскен,
Мен – Жастықпын
Көкте өскен…
қыркүйек, 1978 жыл.





Пікір жазу