18.03.2022
138
Ақшаңқан Дала…
Ақшаңқан Дала…
Ақшаңқан Таулар…
Соңғы күндерi
ақшаңқан аспан
түсiме менiң жиi енiп,
ақбоз үмiттей,
ақбоз армандай
аппақ фәниге сүйенiп.
Жүремiн ылғи түсiмде:
ақбоз ат мiнiп,
ақбоз таулардың iшiнде.
Апыр-ай, неткен сұлулық!
Жалғыз-ақ түстен жаралған,
жанарын сүзiп, таранған…
Аппақ арудай – Аппақ Дүние.
Күн де аппақ,
Түн де аппақ,
ағарып жанады жұлдыздар,
ағарып туады Ай да аппақ,
ағарып тұрады шың-құздар.
Ағарып көрiнер
Қарағай…
Тал-қайың…
Сай жақтан.
Жол да аппақ,
шалғын да,
қырқа да,
жон да аппақ,
бiресе оң жақтан,
бiресе сол жақтан
көшедi,
аппақ үйлер мен шулатып көшенi,
ақ самал еседi.
Ақ үмiт,
ақ арман
ақбоз ғаламның
шашындай желбiреп
таранған…
Аппақ арудай – аппақ дүние,
ақ сезiмдерден жаралған…
25 маусым, 1978 жыл.