18.03.2022
133
Айтылар сөзiң...
Айтылар сөзiң көп едi,
айтқызар сезiм көп едi,
тұп-тұнық едi
тұмадай мөлдiр ойың да…
Көгiлдiр едi…
Көкпеңбек едi…
Көк едi…
Көк түндей едi
шашылған жұлдыз-моншағы,
көгiлдiр түстiң мол шағы
көктемдей едi…
Сезiм де,
сөз де,
тал бойың толы бұла қан,
ақтығың менен пәктiгiң
Ай менен аспан сұраған.
Аққайың-тоғай көзiңде:
Махаббат болып сан күлiп,
Махаббат болып жаңғырып,
Махаббат болып жылаған.
Көңiлiң көзсiз – құрақ-ән,
көңiлiң ессiз – бұлақ-ән,
бұрқырап күнде
быт-шыт боп таудан құлаған.
Қиядан мiнез,
жасыннан өлең сұраған,
көгiлдiр едiң,
көктемдей едiң,
көк нөсер болып
төккендей едiң,
көк-жасыл кеште өткендей едiң…
Қайда ендi, қайда сол үнiң –
көгiлдiр үнiң,
көк түсiң?..
Баса алмай сезiм солығын,
айтылар сөздi
айта алмай жүрiп,
жоғалтып алған жоқпысың?!.
6 тамыз, 1978 жыл