18.03.2022
  144


Автор: Нұрлан Оразалин

Күндер кеткенмен…

Күндер кеткенмен…
Айлар өткенмен…
Тәннiң сырқаты сауығып кеткенмен,
тартылмай домбыра,
айтылмай қалған ән
қайырыла қояр ма
сүмбiле кешiнде көкте өрген?!.
Шыр тамып,
шырқырап шектерден,
нұр тамып,
көгiлдiр тоғай мен
көкөрiм шөптерден,
барқыт ән есер ме қайта бiр
қаяусыз,
ояу, сыз көңiлдi көктемнен?!.
Ай туып,
ағарып бөктерден,
толықсып,
толғанда жерiк түн,
орала қояр ма талықсып,
талықсып шекте өрген
сол бiр ән,
жалт етiп қараған сәтiңдей,
Көрiктiм?!.
6 тамыз, 1978 жыл.





Пікір жазу