18.03.2022
  151


Автор: Нұрлан Оразалин

Бос уақыт…

Бос уақыт…
Бос күлкi…
Мұң – аяғы…
Сезем, байқұс қалпымды түн аяды.
Сәттерiмдi бос кеткен тергеп үнсiз,
ой төрiнде бiр адам мұңаяды.
Көк сәулесi ғарыштың тарап алдан,
жылтырайды бiр жұлдыз дара қалған.
Iстерi үшiн бiтпеген iш құста боп,
күрсiнедi бiр жүрек жараланған.
Аласұрған алыс бiр сезiмдей боп,
iшiм толы – көк жалын, безiлдейдi от.
Айдың нұрлы жанары жәудiрейдi,
арман қуған алаңсыз кезiмдей боп.
Естiгендей күй кешiп бұлақ үнiн,
жылады арман, кеудемде жылады мұң…
Түннiң көзi жазбаған жырым сынды,
кеш, ғасырым, алдыңда кiнәлiмiн.
Бос уақыт…
Бос күлкi…
Мұң – аяғы…
Менiң сорлы қалпымды түн аяды.
Өз өрiсiн өртеген ой төрiнде
тергеп өзiн бiр ақын мұңаяды…
5 тамыз, 1978 жыл.





Пікір жазу