18.03.2022
  169


Автор: Нұрлан Оразалин

ЕСКI СУРЕТ

Сен – басқасың бұл күнде,
Мен де бөлек, басқамын…
Байқадың ба?
Бiлдiң бе?..
Бәрiмiз де
кеттiк ойлап бас қамын.
Ақыл жеңдi…
Азабына батырды.
Өзекте – өрт. Жанған iш…
Могикандай ақырғы –
ескi сурет,
ескi сурет есте ғана
қалды алыс.
Ескi сурет – еңселi
Күндер…
Күндер
ертегiдей аңсаулы,
бiлмейтұғын
атақ,
даңқты,
кеңсенi,
бiлмейтұғын шаршауды.
Қызығуды,
қызғанышты,
тарлықты,
бiлмейтұғын жоғың менен
барлықты.
 
Серiк етiп жалғыз ғана арманды,
кешiп жүрер жалпағынан жалғанды…
Ескi сурет…
Менiң ессiз күндерiм,
Сенiң ессiз күндерiң…
Жұлдыз кешiп,
Ай аулаған түндерiм…
Ойламайтын бас қамын,
ескi сурет –
басқа жандар, басқа күн,
күлген, бiрге жылаған,
тұрған, бiрге құлаған,
керегеден сәл мұңайып тұр қарап,
жүрегiмдi жұлмалап…
29 маусым, 1979 жыл.





Пікір жазу