18.03.2022
  139


Автор: Нұрлан Оразалин

Екiншi өлең немесе «Шыны аралас…»

Отыз екi…
Отыз екi…
Оңай жас па?!.
Оң сөз айтып келмесең маңайласпа.
Алданбаңдар, ағайын, онсыз-дағы,
көп күнiмiз өртенген қалай босқа?!
Қалай босқа күлгенбiз, қуанғанбыз,
баладайын алданып, уанғанбыз.
Отыз екi жыл бойы ор киiктей
тұяқтарды дүбiрмен суарғанбыз?!.
Қалай босқа жүргенбiз киiп-жарып,
күймейтұғын жерлерде күйiп-жанып,
оттегiнi бөлiсiп бiр ауадан,
бiр аспаннан жүргенбiз сүйiп жарық?!
Қалай, қайтiп жүргенбiз – таңданамын?..
Өткен-кеткен…
Бiрiн де аңдамадым.
Өгей сезiм кеуденi тебедi ендi,
Тепкiзген кiм?..
Тепкен кiм?..
Таба алмай – шамданамын.
Таба алмай – дал боламын.
 
Сен бе?..
Мен бе…
Ол ма?.. Кiм?..
Сұрақтардан санам быж-тыж, толды ағын.
Жiбi түзу бiр жауап таба алмадым,
қақтым бекер, қанатымды қомдадым…
Жұртта қалған қара шаруа қосындай,
көңiлiмдi билеп алды тосын жәй.
Артық айтсам, назға жығып ұғыңдар,
отыз екiң кезең екен осындай…
15 шiлде, 1979 жыл.





Пікір жазу