18.03.2022
  141


Автор: Нұрлан Оразалин

БАЙҒЫЗ ҮНI

Ай да сол бiр,
түн де сол бiр,
жол дағы…
Сүттей аппақ жондағы
сыңсыды кеп сыбызғы жел сондағы,
сыңсыды кеп «ах» ұрып,
қай-қайдағы көш-көңiлдi,
көшкен үндi шақырып.
Алай-дүлей…
Астан-кестен сапырып…
Ұзақ-ұзақ
сыңсыды-ай кеп, сыңсыды,
әлденуақ
әзер-әзер тыншыды.
Ұясына Ай батты,
қарауытты шың биiк,
қарауытты қарағайлы тұңғиық.
Қараспанның астындағы қара орман
тастағандай жүрегiме мұң құйып;
үрей буды,
буды менi тұңғиық.
Жоғалғандай,
тоналғандай
бойымдағы отты-ағын,
қарға адым жер
аттай алмай тоқтадым.
 
Қамыс қора…
Қарағай үй тұр үнсiз…
Оттың қозын аудардым да,
әлдененi,
әлдекiмдi жоқтадым?!
Төнiп келiп,
ту сыртымнан ұрлана
тұрғандай-ақ құрық ұстап бiр бала…
Жалт қарадым…
Байғыз үнi «сұңқ» еттi,
«шаңқ» еттi тек шың ғана.
Ай да сол бiр,
Түн де сол бiр,
сенгiсiз…
Шiлде түнi…
Байғыз үнi…
Қай арадан,
қай жырадан
естiлгенi – белгiсiз?!.
13 шiлде, 1979 жыл.





Пікір жазу