ӘКЕМНIҢ ДАУЫСЫ
Жаралы жан
бiледi жардың емiн,
жазықсыздар бiледi ардың емiн,
он сегiзде
автомат ұстадым да,
ажалменен беттестiм – бар бiлерiм.
Қорғау үшiн
көз жетпес тегiсiмдi,
орманымды,
даламды,
егiсiмдi.
Қорғау үшiн
жiгiттiк намысымды,
бетегелi белiмдi, еңiсiмдi,
көктемiмдi,
күзiмдi,
жаздарымды,
аспанымды,
аққу мен қаздарымды.
Қорғау үшiн
өзен мен көлдерiмдi,
шалғынымды,
батпақты саздарымды,
аязымды,
қысымды, ақ қарымды,
шөлдерiмдi,
жасыл желек жамылған бақтарымды.
Қорғау үшiн
қия құз, жақпарымды,
ауылымды,
ауламды,
есiгiмдi,
құндақтаулы әнiмдi,
бесiгiмдi,
сақтау үшiн окоптан тұрдым ырғып,
қасиеттi жерiм мен есiмiмдi…
***
Естiлдi маған үн басқа,
солқылдап аспан, көк пен жер,
жанымды жұлқып тынбастан
сөйледi келiп
41-жылғы аспан мен
41-жылғы көктемдер,
41-жылғы тал-қайың,
41-жылғы жылғалар,
сыңсытып, қырдың шалғайын,
41-жылғы
тiзiлiп ұшқан тырналар…
Ауылдар үнсiз-қаралы
күрсiнiп қырдан қарады,
алқаракөк аспанмен
тырналар үнi тарады…
Тырналар әлi жаралы,
сыңсытып қала, даланы,
тiзiлiп ұшып барады,
ауылдар әлi жаралы,
сөйлетiп ой мен сананы
сөнбейтiн алау жанады…
наурыз, 1977 жыл.