18.03.2022
  155


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚИРАҒАН ГИТАРА ҮНІ

ҚИРАҒАН ГИТАРА ҮНІ
(толғау)
Чилидегі қанды төңкеріс адамзат санасын аяздай қарыды...
Жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақыны
Пабло Неруданың өлімі, Чилидің қыршын
кеткен қос боздағы: Альберто Корвалан мен
Виктор Хараның қазасы қабырғаны қайыстырды...
(Күнделіктегі жазба)
05 ақпан, 1977 жыл.
І. Паблоның жүрегі
(ақын монологы)
Көкті көрдім...
Мұхитты, жерді көрдім,
Бесікті де,
Есікті,
Төрді көрдім...
Жақынды да, алысты –
көрдім бәрін,
Жүрек!
Жүрек!
Сен неден белгі бердің?!.
Жеңілісті...
Сезініп жеңістерді,
Биіктерді,
көрдім мен еңістерді.
 Батыс...
Шығыс...
Елеңдеп дауысыма,
Чили!
Сені
бес құрлық тегіс көрді...
Жаздың демін сезініп,
қыстың кәрін,
Жыр-жүрекпен
тербеттім тұстың бәрін.
Чили!
Чили!
Сен үшін от оранып,
шоқ кеміріп,
өртеніп, ұшқындадым!...
Ой, сезіммен
ғаламды анық танып,
Жыр жаздым мен
Сен үшін!
шабыттанып.
Көк жалыны сөнбеген,
Қайран Өмір!
Сөнер болды оқыста,
жанып барып...
Дүниенің
ұғынып бар түнегін,
Елім үшін
Жыр арнап, шалқып едім...
Бір-ақ күнде Байтағым
дерт оранды...
 Таба алар ма
аурудың
Халқым емін?!
Көмек сұрап қол жайдым
Желге...
Күнге...
Қиямет бір кезеңге келгенің бе?!
Өлтіруде
бір-бірін бауырларым...
Чили!
Сен өлсең...
Менің де өлгенім де...
Әзәзілдің
апыр-ай келгені ме?!
Ібілістің сананы
жеңгені ме?!
Алты құрлық...
Арыма таразы бол,
Құрмалыңмын...
Жүрегім!
Көнбе, міне!...
Өзен мен көл...
Серігім – жарық Айым,
Менен аулақ болғайсың, сары уайым!
Өмірімді қияйын,
қажет көрсең...
Қажет көрсең...
Жалынға қарылайын,
Чили!
Сен үшін жарылайын!..
 Жалғап ұшып құстайын
биікті өрге,
мұңымды айтып
жөңкілген киіктерге...
Чили!
Сенің
бір жұтым ауаңды аңсап,
гитар үнін
жатайын сүйіп көрде...
Чили!
Чили!
Қош енді мәңгілікке!
Сені тастап барамын
Әңгүдікке...*
Тумақ – парыз,
Өлім – хақ...
Жан ұшады...
Ақ өліммен өлейін...**
Қанды күтпе!
Чили!
Чили!
Қош, Елім, мәңгілікке!
9 ақпан, 1977 жыл.
*Пиночетті меңзеп отыр.
**Пиночеттің қанды қасабына төзе алмаған ақын жүрек ауруынан қаза табады.





Пікір жазу