18.03.2022
  135


Автор: Нұрлан Оразалин

Сан ойлар менi....

Сан ойлар менi жұлқылап,
сан тарау жолдар шықты алдан,
мазасыз көңiл шырқын ап,
мазаңдау кештер… Ықты арман.
Қиялап бетте мың ғашық –
елiгi ерке күндердiң,
барады қайда сырласып,
аспанын кешiп түндердiң?
Баса алмай желiк, аптығын,
шулатып өзен, тоғайды,
тәттi мұң менен шаттық үн
толқып бiр, шалқып молайды.
Жастығым ба екен, түс пе екен,
жалыным ба екен бұл менiң,
мен бiлмес әлде күш пе екен,
сезiм бе тылсым бiлмедiм?!
Боз жұлдыз болып арбаған,
тобылғы түстi таңдарда,
тобылғы бұлтты қармаған,
көз тартар әсем заңғар ма?
Әлде бұл – көктем, көк қырда
қоштасып тынған алғашқы ән.
 
Көк төсiн тiлiп көп тырна,
көңiлде көшi жалғасқан?!
Буыным, жүйкем сарылып,
босаңсып кетiп бiр әнге;
тауларға жетер сабылып,
жырларым ба екен бұл әлде?
Бұл әлде ғажап бүркiп ән
өтетiн шақ па пернеден?!
Ойымды менiң жұлқыған,
бойымды менiң кернеген
атылып шығар кермеден,
тағдырымбысың көрмеген?!.
12 желтоқсан, 1969 жыл





Пікір жазу