18.03.2022
  138


Автор: Нұрлан Оразалин

Қауқарың жетсе...

Қауқарың жетсе, күлдiр сен,
қауқарың жетсе жылатшы,
жұбатшы, жаным, бүлдiрсем,
өксiтiп алмай, жұбатшы.
Махаббат деген – бұлбұл құс,
өртенiп «тағат» тауысқан,
жүректiң iшi мың қуыс,
сезiм мен сенiм қауышқан.
Онда жоқ мынау жасыл бақ,
ол жақтың бағы тым басқа,
аспаны күнде жасындап,
жаңбыры жауар тынбастан.
Тыныштық деген болмайды,
ол жақтың көлi тулағыш,
ол жақтың гүлi солмайды,
көктемi мәңгi шулағыш.
Сәуiрдiң ылғи бұлттары
жатады өтiп ағылып;
көгiнде сайрап құстары,
көктемiн жырлар сағынып.
 
Қауқарың жетсе күлдiр сен,
қауқарың жетсе жылатшы,
жұбатшы, жаным, бүдiрсем,
өксiтiп алмай жұбатшы.
2 желтоқсан, 1969 жыл.





Пікір жазу