17.03.2022
  500


Автор: Абдрахман Асылбек

Аспаз бен мысық

Бір Аспаз сауатты
Жүгірді бетке алып кабакты.
(Құдайшыл пысық-тын,
Құдағидың асында ептеп ішіпті).
Тышқандардан күзетсін деп тамақты,
Қалдырды Мысықты.
Аспаз келіп байқады – ас шашылған, желінген,
Күзетшісі осы ма тастап кеткен сеніммен?
Мысық, әне, бір бұрышта ырылдап,
Жұлып жатыр тауық етін жырымдап.
«Эх, оңбаған қомағай!
Адам түгіл, тамнан ұят емес пе? –
Ұрсып жатыр деп ағай.
(Мысық етті жеп жатыр, құлақ аспай кеңеске), –
Бұрын үлгі көрсететін басқаға,
Нағыз адал Мысықтардың бірі едің.
Ал, сен... қандай масқара!
Көршілердің не айтатынын білемін:
«Мысық ұры, аңдығыны ас қана,
Үйің түгіл ас тұрған,
Қораңды оған ашпа да,
Кем түспейді жалақтаған Қасқырдан.
Ол – антұрған, ол – бір індет дейді енді!»
(Мысық оны үнсіз тыңдап жей берді).
Шешеніміз сөз ағытып мол қанша,
Сөйлей берді жағы әбден талғанша.
Сайрады Аспаз көп тіпті,
Мысық та етті жеп бітті.
* * *
Аспаздарға мен басқа
Сөзге құлақ сал дер ем.
Күні бойы сайрағанша сен босқа,
Керек жерде күш те жұмсап ал дер ем.





Пікір жазу