Қап
Босағада еденде
Еленбей,
Бір бос қапшық жататын.
Аяқ сүртіп көрінген,
Шаң-тозаңға бататын.
Кездейсоқта ол бірден
Шығарды даңқ, атағын:
Толтырылып теңгеге,
Кебежеге құлыпталды бөлмеде.
Қожайыны қорғады,
Күні-түні күзетіп.
Жел соқпады тыз етіп,
Жасқаншақтап, шыбын да оған қонбады.
Қап жайлы тез арада
Тарады сөз қалаға.
Қожасына досы әңгіме бастады:
«Жөн болар, – деп, – Қаптың аузын ашқаның.
Сонда әркім қарар еді қызығып,
Ашқарақтай, көзін алмай сүзіліп.
Қасына кеп отыра ғап жайлана,
Алақанмен сипар еді ел айнала»...
Осыншалық көргеннен соң құрметті,
Қап күпінді, ісінді,
Менсінбеді еш кісіңді,
Сөздер айтып кесірлі де індетті.
Кесіп-пішті пікірді:
«Анау малғұн,
Анау дәлдүр,
Түк шықпайды ұтымды».
Не десе де, ел аузын ашып тыңдады,
Еш қарсылық қылмады,
Құлақты әбден шулатты.
Қате айтса да қаншалық,
Тыңдады жұрт тамсанып,
Өйткені, Қап ақшалы еді қымбатты.
Бұл дәурені, бірақ, көпке бармады,
Текке кетіп кепкені,
Ішіндегі бар ақшасы кеткелі,
Қаптың мүлде керексіз боп қалғаны.
* * *
Бұр мысалмен жоқ ешкімді тілдегім:
Аз емес қой жүргендер Қап пішінде
Бай адамдар ішінде
Кей кездері әрең көрген күндерін;
Кей құмарпаз кісің де
Жүрген болса бір сомға да зар болып,
Бұл күндері шыға келген бай болып.
Князь, граф қазір оның тосқаны –
Достары;
Басшылармен бір жүреді бұл кезде,
Босағада отырғандар бір кезде.
Ойнайды енді картасын,
Толтырып ап қалтасын.
Жайлап қана айтайын ба шындығын,
Уа, достар, төсті қанша қақпаңдар,
Кедейленсең, не болады тірлігің?
Қаларсыңдар аумай осы Қаптан дәл.