Үй иесі мен тышқандар
Ұры шығып үйіңнен,
Кім екенін білмесең,
Күдік артқан күйіңмен,
Көрінгенге жала дауып жүрме сен.
Ұры оңалмас оныңа,
Болмас және ақылды.
Қызметіңнен айырлып тек татымды,
Үлкен бәле душар болар жолыңа..
* * *
Мырза қазып қамбасын,
Жейтін біраз салды асын.
Дер кезінде ұстасын деп тышқанды,
Мысықтардан күзет қойып, күш салды.
Мырзамыздың көңлі тоқ,
Күзет мықты, үн естілмес тыз еткен.
Бәрі жақсы, күдіктенер жөні жоқ,
Ұры шықты күзеттен.
Мысықтар да кей күзетші секілді
Арамдары бар емес пе не түрлі.
Мырза сонда тек ұрысын жазалап,
Сақтап қалу орнына жүргендерін таза, ақ,
Бар Мысықты қырмақ болды тазалап.
Бұл үкімді естіген соң Мысықтар,
Ақ, қарасы пысып бар,
Безіп кетті мәңгіріп,
Қожайынды қалдырып.
Тышқандардың күткені де осы еді,
Қамбаға олар ауысты.
Екі-үш апта-ақ есебі,
Бар асты жеп тауысты.