17.03.2022
  119


Автор: Абдрахман Асылбек

Бай мен етікші

Өмір сүрді мол байлығы бар адам,
Тәтті жеп, бал жалаған.
Күнде думан, күнде жиын үйінде,
Дүние-мүлік есебі жоқ күйінде.
Шарап деген өзен болып ағылды,
Не керектің барлығы да табылды,
Сарайында жұмақ оты жағылды.
Бір нәрседен қиналды тек бұл кісі –
Қанбады еш ұйқысы.
Құдайынан қорқады ма, бағы бұл
Қолдан тайып, кедейленіп қалам деп,
Дұрыс ұйықтап көрген емес адам боп.
Сәл мызғыса кейде ептеп таң алды,
Жаңа бәле жамалды:
Берді Құдай оған әнші көршіні.
Сол көршісі тым көңілді жан еді,
Бар ермегі етік пенен ән еді.
Таңертеңнен түске дейін тершігіп,
Тықылдатып, ән сап тыным көрмейді,
Бай көршіге ешбір ұйқы бермейді.
Ақыры Бай түрлі ойға көшеді:
Қайтсе үні өшеді?
Тыятын бұл желікті
Заң да жоқ қой, соны ұқты.
Ақыры бай тоқтамға кеп толық бір,
Көршісіне жолықты:
«Аманбысың, мырзамыз».
«Рахмет, сәлеміңе ырзамыз».
«Қалай, Клим, берікпісің ісіңе?»
(Солай дейді-ау ісі түскен кісіге) –
«Жұмысым ба? Жаман емес сияқты».
«Сондықтан да, әннің салып тәуірін,
Бақытты өмір сүресің-ау, бауырым».
«Тәңіріме налу маған ұят-ты.
Жұмыс деген жеткілікті, жемісті,
Жұбайым да жап-жас әрі келісті.
Кім білмейді, тұрса жақсы жар күліп,
Шын бақытты сонда адам».
«Ақшаң көп пе?» «Көрген емес артылып,
Қайта, дұрыс сол маған».
«Ендеше, дос, келмейді ме байығың?»
«Олай демен, мырза, біл,
Қолымдағы барына да ырзамын.
Өзің айтшы лайығын,
Тірлігінде пенде бұл
Байлық десе, әрқашан да кенде бір.
Сен де солай, баи түскің келеді,
Мен де оны теріс емес дер едім».
«Достым, сөзің алымды,
Байлық жолы қиын, айтсақ дұрысын,
Кедейлігің кесел емес кәдімгі,
Бірақ, пұлмен кеңеймей ме тынысың?
Мә, ала ғой ақша толы қабымды:
Шыншылдығың ұнап тұр,
Менің қолым құтты болсын ұзақ бір.
Байқа, құнын бос кетірме асылдың,
Тек кәдеңе асырғын.
Аз ақша емес, дәл бес жүз сом көлемі,
Сау бол!» – деді. Етікшіміз, ал енді,
Қапшықты алып үйіне тез жөнелді,
Құстай ұшып келеді;
Түпкіргі үйге кіре сала ол енді,
Ұра қазып, тықты сонда қапшығын,
Қапшығымен бірге көмді шаттығын.
Әні түгіл қашты мүлдем ұйқысы,
(Қоса кетті күлкісі).
Күдіктене көз тігеді әр бұрышқа:
Түнде Мысық ептеп тықырласа да,
Ұры тұрған секілденді тасада.
Тәні мұздап, елеңдеді әр дыбысқа,
Қысқасы, ол бұл өмірден түңілді.
Етікшінің ақыры
Кірді білем ақылы:
Қапшығын ап байға қайта жүгірді,
Деді оған:
«Рахмет бәріне,
Қайтып ал, мә, қапшығың,
Бұған дейін адаспап ем, нақ шыным,
Байлығыңды өзің баққын әлі де.
Қымбат ұйқы, жақсы әнім,
Керегі жоқ ақшаңның».





Пікір жазу