Маймылдар
Ақылға сап үйренген іс оңтайлы,
Асар дәйім пайдаға.
Ақылсыз іс қайда да,
Құдай ақы, оңбайды!
Бір мысалды ұсынайын кеңеске,
Маймыл деген көргеніне тым құмар,
Үйренбек боп ұмтылар.
Африкада Маймылдар көп емес пе?
Отырды олар тобымен
Бастарында әр бұтаның, қаданың.
Жүрген құрып торымен
Бақылады аңдушының қадамын.
Әр дыбысты қалт жібермей тыңдады,
Бір-біріне ымдады:
«Қарашы ана кезбені,
Қимылдары қандай жылдам өзге еді:
Бір секіріп,
Отырып,
Аунайды.
Қайта бекініп,
Зыр жүгіріп заулайды.
Шын шеберміз десек-тағы бәріне,
Үйренер іс мол екен.
Осылардан әлі де
Сабақ алу жөн екен.
Болар тіпті өзі де әбден шаршаған,
Ол кетсе егер, сол заматта көрерміз...»
Көп кешікпей кетіп қалды аңшы адам.
Деді олар: «Бастамаймыз неге біз?
Тез кіріскен жөн болар!»
Маймылдар тез тал басынан түсті де,
Жерде жатқан құрулы тор үстіне
Аунады да асыр салды демде олар:
Ойнақтады, шаталды.
Сақ-сақ күлді, айқай-думан үн шықты!
Көргін енді қырсықты:
Тордан қайта босана алмай маталды.
Аңдушы жан сәл шыдап,
Олжасына жақындады қабымен.
Шыңғырғанмен жан шыға,
Құтылған жоқ біреуі де аңшыдан:
Ұстап алды тобымен.