Емен мен шілік
Шілікпенен тілдесті Емен кезі кеп:
«Шындығында Тәңірге жөн налуың, –
Деді ол, – саған Торғай да ауыр сезілер,
Самалға да белгілі елпең қағуың
Және былқ-сылқ бұлғағың,
Басыңды ылғи жерге иіп;
Аянышты бұл халің.
Ал, мен болсам, Қап тауымен ең биік
Қатарласа қалқалап күн нұрларын,
Дауылың мен жауыныңа қыңбадым,
Қасқайып тік тұрғаным!
Алай-түлей соққан күшпен қуатты
Саған дауыл – маған самал сияқты.
Өссең егер маған таяу аздаған,
Құшақ жайып, бауырыма алар ем,
Қысылғанда, саған пана болар ем.
Бірақ, саған Тәңір оны жазбаған.
Бұрқасын мен боран болып сыбағаң,
Табиғатың солай сені сынаған».
Деді Шілік: «Екенсің шын мейірлі,
Бос қиналмай, салшы жөндеп зейінді.
Құйыныңнан ешбір қауіп қылмаймын,
Майысамын, бірақ та мен сынбаймын.
Қауіпті емес бораның,
Білем, саған қатерлірек боларын.
Рас, дауыл соққанымен ышқынып,
Сені әзірше жыға алған жоқ тықсырып.
Тұрғаныңмен тәккаппарсып, тікейіп,
Іс ақырын күтейік!» –
Шілік соны айтып бола бергенде,
Солтүстіктен соқы дауыл бір сәтте-ақ,
Алай-түлей жауындатып, бұршақтап.
Емен шыдап, Шілігің солқылдады сол жерде.
Екі есе күшейіп жел ышқынды,
Ысқырынып, кереметтей күш қылды:
Төбесімен көк тіреген Еменді
Тамырымен жұлып ала жөнелді.