17.03.2022
  177


Автор: Нұрлан Оразалин

Екiндi кез…

Екiндi кез…
Екiндi кез…
Көк әйнектен елеңдеп,
үнсiз қарап тұр әнi.
Әлдеқайдан
шаршаған бiр өлең кеп,
тереземдi ұрады,
тереземдi ұрады…
Бiр үн менi арбайды,
сылқ-сылқ күлiп қыр асып,
бiр үн менi алдайды,
себелеген ақ жауынға ұласып.
Жәудiреген жанар боп,
дiрiлдеген анар боп,
бiр үн менi
шақырады өзiң боп,
сенiң менi
шын сағынған кезiң боп…
Екiндi кез…
Екiндi кез…
Елеңдеп,
ұрғылайды тереземдi өлең кеп.
13 қараша, 1973 жыл





Пікір жазу