17.03.2022
  204


Автор: Нұрлан Оразалин

Ұйықтасам-ақ…

«Ұйықтасам-ақ…
Түс көретiнiмдi анам байқұс...
Қайдан бiлсiн?!.»
Кең дала…
Шалғын жайқалған,
үкiлi белге жалғасып,
үлп етсе желi шайқалған,
жалына қырдың жармасып,
осы бiр қалпың…
Көрем де…
Сәйгүлiк сынды беренде,
жал-құйрығын төгiлтiп,
құладүз қырдың
қолтығын қоса сөгiлтiп,
құйғытып бара жатамын,
ауылын iздеп
қой баққан момын атаның…
Жауынын iздеп –
көйлегiм суға малшынар,
құладүз,
қырдың
дауылын iздеп
құла шыңдардың
күнгейiн келiп қамшылар.
Сәуiрiн iздеп
көз ұшындағы көк белдiң,
масаты шалғын көктемнiң…
 
Кең дала…
Түсiмде сенi көрем де,
құйғытып бара жатамын
жыр қуып түзде
көгiлдiр түстi беренде…
мамыр, 1975 жыл.





Пікір жазу