17.03.2022
  196


Автор: Нұрлан Оразалин

ӨҢ МЕН ТҮС

 Анам:
«Неге жүдеп барасың,
қарағым?!» – дедi.
Ақтарылып сезiм боп,
қуанған да кезiм көп,
мұңайған да кезiм көп,
айтамын деп сан рет
айта алмаған сөзiм көп,
айта алмаған кезiм көп.
Көкiрегiмдi
билеп кейде күштi ағын,
қағаз алдым
қолға қалам ұстадым,
айта алмадым бiрақ та,
айтатұғын тұста мың.
Жүрек тулап, қан ысып,
өз-өзiммен алысып,
түндi – таңға жалғадым,
айта алмаған сөзiмдi
айтамын деп қарысып.
Көз алдымда – Ар-Ана,
көз алдымда – бар Ғалам,
көз алдымда –
көлбеген көк Тауларым,
көз алдымда Ар-Далам…
 
Тұрып алды
көз алдымда – сан қырым,
айтылмаған ән-жырым…
«Айта алмауың – қорлық қой,
айта алмауың – шемен ғой,
айта алмасаң, –
айтпа мүлде», – дегендей,
жүрегiмдi сiлкiдi
құлын дауыс, көгендi ой.
мамыр, 1975 жыл.





Пікір жазу