17.03.2022
130
Жүректiң жалыны...
Жүректiң жалыны барда,
жалынға малынып ал да,
жетеле менi, жолдарым,
аялдап ал да,
сағынып ал да,
даланың сағымы барда,
жаңғырған долы өзендердiң
тынымсыз ағыны барда.
Қара ормандардың шуылы барда,
жетеле менi,
Аққу – тiрлiгiм,
көгiлдiр нiлге жуынып ал да.
Ақ көйлектердiң суылы барда,
жетеле менi отқа орап,
бойымда
от-сезiмдердiң дуылы барда…
Көгiлдiр нiлге жуынып ал да,
жетеле менi,
жанымның жасыны барда,
жетеле асығып алға!
Жүректiң жалыны барда,
жалынға малынып ал да,
жетеле менi, жолдарым,
жетеле!
Сағынып алға…
тамыз, 1974 жыл.