ҚАРА ЖОРҒА
Атам Нұрахметтiң Рухына
Бiр тымық әуен…
Еседi…
Өртеңдi күн мен
ертеңгi күндi жалғаған…
Келемiн кезiп көшенi,
ойымда менiң – маң таулар,
ойымда менiң – маң далам;
қарағайларым, белдерiм,
сары адырларым, көлдерiм…
Есiме түстi
Нағашы атамның қара жорғасы,
көрiнсе қара алыстан,
ауыздықпенен алысқан,
есiме түстi жануар,
сағыммен, желмен жарысқан.
Есiме түстi…
Толқыдым мұнша мен неге?
Толқыдым бала кезгiдей
күтетiн
қара жорғаны көмбеден…
Құлағым
дүбiрге көмiлiп кеттi,
қоңыр белдегi
құлпытас еске түстi де,
көзiмнен сынап төгiлiп кеттi.
Көрмедiм – сәулелер жанып өштi ме?!
Бiлмедiм – бейуақыт бұлт көштi ме?!
Жаңбыр жауды ма?!
Жел естi ме?!
Сабылған жандар көшемен
жынданған менi дестi ме?!
Бiлмедiм?!
Жауынсыз түнде
жауын жамылып…
Аяңдай бердiм…
Нағашы ата,
Қара жорғаны,
Сенi сағынып…
қараша, 1973 жыл.