17.03.2022
  96


Автор: Нұрлан Оразалин

Тырналардың қанатын....

Тырналардың қанатын талдырып қыр,
көз ұшында – көк орман жаңғырып тұр;
дихан-жүрек салтымен жылдағыдай,
жалғап жатыр тынымсыз мәңгiлiктi.
Мәңгiлiктi…
Ерлiгi…
Еңбегiмен…
Жұмыр жердi
оятып жөргегiнен,
бөлеп жатыр
қайтадан бесiгiне,
нәрестедей
әлдилеп тер-демiмен,
Еңбегiмен…
Әлдиiмен…
Ән-күйiмен…
Шалқыған алабымда,
қазбауыр бұлттарымның балағында;
көктем көшiп келедi
жер бетiне,
дихан-жүрек таңдардың қабағында.
Дихан-жүрек кештердiң өртiменен,
соқалардың тiсiмен жер түлеген,
боразда боп тартылып бел-белесте,
көктем көшiп келедi
шертiп өлең.
Ән-күйiмен…
Мәңгiлiктi жалғайтын
«Әлдиiмен…»
сәуiр, 1976 жыл.





Пікір жазу